Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов тазалық акциясы аясында аудан көлемінде жасалатын күзгі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары бойынша мәжіліс өткізіп, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек»- деген болатын. Өздеріңіз білесіздер, тазалық мәселесі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының да тұрақты бақылауында. Тынымсыз тірлік пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы еліміздегі ең таза қалалардың қатарынан табылып отыр. Бізде бұл үдерістен қалыс қалмай, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Күз мезгілі санитарлық тазалықты екі есе қажет ететін жыл уақыт. Себебі талдан түскен жапырақтар әп сәтте тазалаған жеріңді басып қалады. Мұны жауын-шашын болмай тұрып, жинап алғанымыз өзімізге тиімді. Сондықтан аудан бойынша аптаның әр күнінде тазалық жұмыстары сапалы ұйымдастырылуы тиіс, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мәжілісте аудан әкімі әкімдермен тиісті сала басшыларына қар, жаңбыр маусымы басталғанға дейін тазалық жұмыстарын күшейтіп, аяқ су арықтарының бойын, көшелерді қураған шөптермен жапырақтардан уақытында тазалап алуды тапсырды. Бұған қоса, аялдамалар, жол белгілері мен түнгі жарықшамдарын сырлау, кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін әрлеу, аумақтарын қалыпқа келтіру, базар маңындағы жайма сауда қатарларын ретке келтіру, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған азаматтарға тиісті шара қабылдау сынды жұмыстарды жүргізу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына туған жердің тазалығы үшін тұрғындарды да белсене қатысуға ұйымдастыру керектігін жеткізді.









