Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кент көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, жол сапасын бақылады. Сондай-ақ жол құрылысымен айналысып жатқан мердігер мекеме «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты өкіліне орташа жөндеу жұмыстарын қараша айының бірінші онкүндігіне дейін толық, әрі сапалы етіп аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, бұдан бөлек аудандағы елді-мекендер бойынша 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолымен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Бүгінде бұл жұмыстардың бірқатары басталып, аяқталуға жақын.
Аудан әкімі кент көшелерін аралау барысында Әйтеке би кентінің оңтүстік бөлігінде орналасқан тесік көпір атанып кеткен теміржол астынан өтетін өткелдің аумағын көрді. Алдағы уақытта тиісті сала басшыларына теміржол астынан өтетін бұл өткел аумағына абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.










