Аталған іс-шара — бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік қолдау алуына және қайта құқық бұзбауына бағытталған. Шара аясында ҚАЖ қызметкерлері мен сала мамандары босап шыққандармен жеке әңгімелесіп, олардың алдағы өмірлік жолына бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ, заң аясында олардың құқықтары мен міндеттері, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау түрлері және қайталама құқық бұзушылықтардың салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
“Бүгін мен үшін қуанышты күн. Жазамды толық өтеп шықтым. Мамандардан болашаққа қажетті ақпараттар мен бағыт-бағдар алдым. Ендігі мақсатым — жұмыс істеп, отбасымның тірегі болу. Армандарым да жоқ емес. Сыртта мені бауырларым күтіп тұр. Енді тек алға жылжып, жақсы өмір бастау керек деп ойлаймын”, – деді босатылған азамат.
Сотталғандарды мекеме алдында олардың жақын туыстары қарсы алды.
ҚАЖ департаменті мұндай шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Бұл — тек сотталғандарды босатып қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеу, жаңа өмірге бағыттау мақсатында атқарылып жатқан маңызды әлеуметтік жоба.