«Жаңажол» – өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытып, халықты тұрақты жұмыспен қамтыған жетекші құрылымдардың бірі. Биыл шаруашылық 4547,5 гектар алқапқа егін екті. Оның 3100 гектары күріш, 469 гектары жаңа, 600 гектары ескі жоңышқа, 325 гектары бидай, 39 гектары жүгері. Сонымен қатар 5 гектар картоп, 9,5 гектар алма бағы да бар.
Қазіргі таңда мұнда 360 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің 159 арнайы техникасы бар. Бұл егін ору, тасымалдау және басқа да жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді.
Серіктестік егіншілікпен ғана шектелмей, жем-шөп өндірісі мен бау-бақша шаруашылығын да дамытып келеді. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, заманауи әдістерді енгізуде.
Ауданның суармалы жер көлемі 41 147 гектар, 25 258 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда дәнді дақылдар 14 123 гектарға, майлы дақылдар 1 205 гектарға, мал азықтық дақылдар 8 750 гектарға, картоп, көкөніс және бақша 1 180 гектарға егілген. Күріш көлемі 12 993 гектар. Қармақшы ауданында 32 шаруашылық егін шаруашылығымен, 30-ы күріш егумен айналысады.
Биылға жоспарланған 404,0 млн текше метр судың 296,2 млн текше метрі нақты жеткізілді. Қазіргі уақытта 33 насос 9 шаруашылықтың егіс алқаптарындағы күріш пен ауыл маңындағы картоп, көкөніс, бақшаны суаруға қызмет етеді.
Мұнан бөлек, Қ.Бозымбаев 2004 жылы құрылған «Жаңажол» шаруашылығының алмабағымен танысты. Шаруашылық 4,5 гектар жерге 1521 түп алма, 138 түп алмұрт және 205 түп өрік отырғызып, өнім алуда. 620 түп «Семеренка», 177 түп «Бес жұлдыз», 105 түп «Голдинк», 138 түп «Белиналип» сорттары арық арқылы суарылады. 2023 жылы тағы 5 гектар аумаққа 8 600 түп алма көшеті тамшылатып суару әдісімен егілді. Көшеттер Жамбыл облысы Мерке ауданындағы тұқымбақтан алынған. Жаңа алмабақта «Голден Делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка» және «Қызылай» сорттары өсірілуде. Суару жүйесі Израиль технологиясы бойынша жасалған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі