Кездесу барысында сала маманы жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын, жылдамдықты шектен асырмаудың адам өмірін сақтаудағы шешуші рөлін нақты мысалдармен тарқатты. Сондай-ақ, кез келген уақытта құжаттардың түгел болу керектігін тілге тиек етті. Тіпті, ауа райы жағдайын ескеру секілді талаптар төңірегінде жан-жақты мәлімет те берілгені рас. Ашық форматта өткен кездесуде сұрақ-жауапқа да кезек беріліп, қызметкерлер тәжірибелік кеңеске қанықты.
– Жол – асығыстықты емес, ойлылықты талап ететін кеңістік. Әрбір бұрылыстың, әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Көлік басқару – тек техникалық әрекет емес, тәртіп пен саналы таңдаудың да көрінісі. Егер біз жолда бір-бірімізге құрметпен қарауды үйренсек, бәріне мұқият болсақ, қауіптің де саны азаяды, — дейді ҚПБ ЖПҚБ ППБ Рота командирі Полиция капитаны Бағдат Насыров.
Тәртіп пен сақтық – қауіпсіздіктің кепілі екенін алға тартсақ, оған бейжай қарамау артық мәселе туындатпайтыны анық.









