«Руханият» орталығында өткен шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, кітапхана саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.
-Қадірлі кітапханашылар, құрметті руханият жанашырлары! Біріншіден біз бұл мерекені тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі ретінде бағалауымыз керек. Кітап пен кітапхана бір-бірінен бөле-жарып қарауға келмейтін егіз ұғым. Кітап адамзат өркениеті үшін айнымас азыққа айналса, кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сол киелі орданың қадірлісіне айналған Сіздердің орындарыңыз біз үшін бөлек. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Мерекелік шарада білім мен руханият жолында халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген сала мамандарына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың «Алғыс хаттары» табысталды.
Рухани шарада қонақтарға кітап көрмелері таныстырылып, мектеп оқушыларының кітап туралы диалогтары және түрлі тақырыптарда қойылымдар қойылып, шара соңында кітапхана қызметкерлері қормен ән шырқады.
Айта кетейік, биыл аудан орталығында пайдалануға берілген «Руханият» орталығы ғимаратында жаңа, заманауи аудандық кітапхана ашылған болатын. Бүгінде жаңа кіапхана білімге, оқуға, дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың үлкен мүмкіндігіне айналып отыр.









