Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 7 ай ішінде бірқатар құқықбұзушылықтың жолын кесіп, мемлекет қаржысына жасалған қол сұғушылықтарға дер кезінде тосқауыл қойған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңес мәлімдеді.
— Қоғам мен мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған көлеңкелі экономиканың жолын кесу және экономикалық қауіпсіздікті нығайту — біздің басты міндетіміз. Осы бағытта Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Біз тек заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу және себептерін жою арқылы қатердің тамырын кесуге баса мән береміз. Себебі бұл салдармен емес, түпкі себеппен күресудің ең тиімді жолы. Өкінішке қарай, соңғы уақытта кейбір азаматтар оңай табысқа қызығып, заңсыз әрекеттерге барып, ел экономикасына елеулі залал келтіруде. Өз кезегінде бұл қарапайым құқықбұзушылық емес, мемлекеттің дамуына, болашағына төнген үлкен қауіп болып отыр. Жыл басынан бері көлеңкелі экономика, жалған кәсіпкерлік, бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша ондаған қылмыстық іс тіркелді. Мемлекеттің мүлкі мен қаржысына қол сұғушылыққа дер кезінде тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, біз тек тергеу шараларымен шектелмей, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында да нақты жұмыстар атқарудамыз,-деді Аслан Кеңесұлы.
Сондай-ақ экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу және тергеп-тексеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Медет Таубай мен ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева кеңінен тоқталды.
— Жыл басынан бері департаменттің өндірісінде барлығы 37 қылмыстық іс тіркелді. Осы кезеңде 29 іс аяқталып, жалпы іс санының 79 пайызын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш болып табылады. Аяқталған істер аясында мемлекетке келтірілген залал көлемі елеулі деңгейде өндірілді. Басым бағыттардың бірі — қаржы пирамидалары мен салықтық алаяқтықтың жолын кесу. «Warner Bros», «Qnet», «HRT», «Fashion Star», «Rain BNB», «Асар баспана» секілді жобалар бойынша істер қозғалып, олардың қызметі тоқтатылды. «Qnet» ісі бойынша мүлік тәркіленіп, жәбірленушілердің құқықтары қорғалды. Сонымен қатар, «Даму бала» бағдарламасына байланысты бірқатар істер сотқа жолданды. Біз тек қана тергеумен шектелмей, алдын алу мен түсіндіру жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету — баршамыздың ортақ міндетіміз,-деді Медеу Дулатұлы.
— Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті алаяқтық схемаларға, оның ішінде қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтыққа қарсы алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жыл басында қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, Қызылорда қаласының мектеп оқушылары арасында қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «PHYGITAL» сайысы ұйымдастырылды. Бұл шараға 9-сынып оқушылары қатысты, жеңімпаздар арнайы сертификаттармен марапатталды. Департамент қызметкерлері қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтыққа қатысты түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, зейнеткерлер, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерімен арнайы кездесулер ұйымдастырды. Қаладағы ірі мекемелерде қызметкерлерге ақпараттық кездесулер мен бейнероликтер көрсетілді. Сонымен бірге, Қорқыт Ата университетімен бірлесіп жастар волонтерлік қозғалысы құрылып, интернет алаяқтыққа қатысты 2 913 сайт бұғатталды. Департаментпен «Заң мен тәртіп» тақырыбында үш университет пен сегіз колледжде 3 600 студентке 31 лекция оқылды. Алдағы уақытта бұл іс-шаралар облыстың аудандарында да жалғасын табады. Бұл жұмыстар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдарымыздың бірі,- деді Майра Тұрлыбекқызы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі