1950 жылдың маусым айында Қызылорда қалалық санэпидстанция негізінде облыстық санэпидстанция құрылды. Білікті мамандармен толыққан СЭС қызметі сол кездері талай төтенше жағдайларды жойды. Атап айтқанда, 1977-1978 жылдары «А» вирусты гепатиті Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарында эпидемия түрінде тіркелді. Осы инфекцияны тоқтатуда аймақ мамандары зор еңбек атқарды.
Айрықша атап өтетін жағдай — өткен ғасырдың 70-жылдар аяғында өңірлік СЭС Арал проблемасын алғаш көтеріп, ресми құжаттардың дайындалуына тікелей қатысты. Нәтижесінде Арал өңірі экологиялық аймақ ретінде танылды.
Ауылдық елді мекендерде селолық тұтынушылар кооперативтерін (СТК) еңгізуге СЭС қызметі мұрындық болды. Облыс көлемінде «Тазалық», «Таза су» бағдарламаларын енгізуге, оларға қаралған іс-шаралардың орындалуына тікелей атсалысты.
Кешегі коронавирус пандемиясы уақытнда эпидемиологиялық ахуал күрделенген кезде жоғары кәсібиліктің, асқан жауапкершілік пен төзімділіктің айқын үлгісін көрсете білді. Мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында еліміз коронавирус инфекциясы сынды қауіпті жауға қарсы барлық қиындықты еңсеріп, жарқын күндерді жақындатуға күш салды.
Бұл бағыттағы ілкімді істер қарқыны бәсеңдеген жоқ. Түрлі инфекциялық, паразитологиялық қауіпті ауруларды болдырмауға, тағамнан уланулар мен кәсіби аурулардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер саулығын сақтау, ауыз су мен атмосфералық ауа, өнімдер қауіпсіздігін мониторингтеп, халықтың санитариялық саламаттылығын сақтау бағытында білек сыбана кірісіп, жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі ресми 15 қыркүйекте алғаш рет ресми бекітілген кәсіби мерекені атап өтуде. Осыған орай Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Ұлттық сараптама орталығының» облыстық филиалы, Обаға қарсы күрес станциясы мен Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы бірігіп, салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Сала мамандарына құрмет көрсетіліп, қызметте жоғары жетістіктер көрсеткен қызметкерлер мараптталды.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы