Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің заңсыз айналымына қоғамда төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және тұрғындардың есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы белсенділігін арттыру.
Акцияның салтанатты бөлімінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі С.А. Тоқтыбаев сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдардың, қоғамның және жастардың бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды. Ол нашақорлықтың алдын алу – есірткі қылмысына қарсы күрестегі басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің грамотасымен Есірткіге қарсы профилактика жөніндегі кеңестің жұмысына елеулі үлес қосқан екі үздік азамат марапатталды. Сонымен қатар, есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысқан 15 үздік азамат, сондай-ақ есірткіге қарсы тақырыптағы журналистер байқауының 11 жеңімпазы мен жүлдегері марапаттарға ие болды.
Іс-шара барысында есірткіге қарсы мазмұндағы пролог пен заманауи би қойылымдарын ұсынған би ұжымдары, жергілікті өнерпаздар және қазақстандық эстраданың жас жұлдызы Досбол Нұрылла өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, акция қонақтары арасында есірткінің алдын алу және салауатты өмір салты тақырыбында викториналық байқау ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша үш жеңімпаз дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Акцияның кішкентай қонақтарына арнайы естелік сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Аталған іс-шара құқық қорғау органдарының, қоғам өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және жастардың күш-жігерін біріктіре отырып, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды профилактикалық бастама болды.









