Жалағаш ауданында ауыл спортшылары асыға күткен айтулы жарыс басталды. Орталық стадионда «Алтын күз – 2026» ауыл спортшыларының XXXIX облыстық спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, спорт мерекесі ерекше көңіл күймен өрілді. Додаға қатысушылар мен жанкүйерлер бас қосқан шара аудан өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ерлан Төрәлиев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қатысып, жарысқа келген спортшыларға сәттілік тіледі. Құттықтау сөздерінде мұндай ауқымды жарыстардың ауыл спортының дамуына, бұқаралық спорттың кеңінен қанат жаюына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесі зор екені атап өтілді.
Аудан әкімі Ерлан Төрәлиев облыстық спартакиаданың Жалағаш жерінде ұйымдастырылуы аудан үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Оның айтуынша, спорттық бәсекелер өскелең ұрпақты жігерлілікке, төзімділікке және жеңіске деген ұмтылысқа тәрбиелейді. Сонымен қатар мұндай шаралар ауданаралық байланысты нығайтып, спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Салтанатты жиынның тағылымды сәттерінің бірі – спорт ардагері Сұлтан Бекжановтың қатысушыларға ақ батасын беруі болды. Ақсақал спортшыларға әділ бәсекеде бақ сынап, абырой биігінен көрінулеріне тілектестік білдірді.
Ал спартакиаданың алауын аудан спортшыларының жағуы жарыстың басталуына ерекше серпін берді. Алау – спорттағы бірлік пен ынтымақтың, табандылық пен жеңіске деген жігердің символы. Оның тұтануы стадионға жиналған жұртшылықтың мерекелік көңіл күйін одан әрі көтерді.
Спорттық шараның ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш қонақтары, жалағаштықтарға жақсы таныс өнер иелері, белгілі әнші Мыңбай мен Руслан Табын сахна төрінде танымал әндерін орындады. Әсем әуен мен көтеріңкі көңіл күй үйлесім тапқан концерт көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің сәнін кіргізді.
Айта кетейік, биылғы «Алтын күз – 2026» облыстық спартакиадасы аясында 16 спорт түрінен жарыс ұйымдастырылуда. Жеті ауданнан келген 1500 спортшы өзара бақ сынап, командаларының намысын қорғайды. Бұл – ауылдық жерлердегі спортшылардың шеберлігін шыңдап, олардың әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Спартакиаданың басты мақсаты – ауыл тұрғындары арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, бұқаралық спортқа қызығушылықты арттыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Сонымен бірге мұндай жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, алға қойған мақсаттарына жетуге жол ашады.
Жалағашта жалауын көтерген XXXIX облыстық спартакиада алдағы күндері тартысты бәсекелерге ұласпақ. Ендігі кезекте спортшылар өздерінің дайындығы мен шеберлігін көрсетіп, командаларына жеңіс сыйлауға күш салады. Ал жанкүйерлер үшін бұл – сүйікті спортшыларын қолдап, нағыз спорт рухын сезінетін ерекше кезең.









