Жиында қала аумағындағы аяқсу желілерінің жұмыс тиімділігін арттыру, инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және су ресурстарын заманауи тәсілдер арқылы басқару бағытындағы алдағы жоспарлар талқыланды.
Кеңесте су ресурстарын тиімді пайдалану, аяқсу жүйелерінің өткізу қабілетін арттыру және қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру – экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыты екені атап өтілді. Сонымен қатар суару желілерін цифрлық форматта есепке алу, инфрақұрылымның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу және жоспарлау жұмыстарын нақты деректер негізінде жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына су ресурстарының көлеміне жан-жақты талдау жүргізіп, келесі жылға қажетті су көлемін алдын ала нақтылауды тапсырды.
– «Су ресурстарына толық талдау жүргізіп, қалаға қажетті көлемді нақтылап, келесі жылға су беру мүмкіндігін қарастыру маңызды. Әуежай маңы мен Белкөл кентіне кіреберіс аумақтардағы жасыл белдеуге аяқсу тұрақты берілуі және тал отырғызылуы керек. Арық жүйелерін толық түгендеп, су жетпейтін учаскелерге қатысты нақты жобалық және қаржылық ұсыныс енгізіңіздер. Аяқсумен қамтылған аумақтарды кезең-кезеңімен ұлғайту үшін нақты жоспар әзірлеңіздер. Көшет отырғызу және оларды суаруды ұйымдастырыңыздар», – деді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы аумағына аяқсу 15 нүктеде орналасқан 22 насос қондырғысы арқылы жеткізіледі. Оның төртеуі биыл іске қосылып, суару жүйесінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және аяқсу жүйесінің сенімділігін күшейту бағытындағы кезеңдік жобалардың бір бөлігі болып табылады.
Бүгінде арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 98,8 шақырымды құрайды және 68 көшені қамтиды. Оның ішінде «Жібек жолы», «Сарқырама» және «Қызылжарма» каналдары арқылы өтетін ұзындығы 14,4 шақырым болатын ірі лоток жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 39 көшеде жалпы ұзындығы 68,6 шақырым болатын кіші лотоктар салынған. Ал 26 көшеде ұзындығы 15,8 шақырымды құрайтын лотоксыз арық жүйесі пайдаланылуда. Қала ішіндегі арықтарға су алты аумақта орналасқан насос қондырғылары арқылы таратылып, жасыл желектер мен қоғамдық кеңістіктерді суаруға бағытталады.
Жиында аяқсу желілерін кезең-кезеңімен кеңейту, қолданыстағы суару жүйелерінің техникалық жағдайын жақсарту және оларды цифрлық бақылау тетіктерімен ұштастыру мәселелері де көтерілді. Мұндай жұмыстар инженерлік желілердің тиімділігін арттырып қана қоймай, су шығынын азайтуға, су ресурстарын ұтымды бөлуге және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта №217 мектеп аумағындағы су ұңғымасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта іске қосылады. Нәтижесінде Қорқыт ата көшесінің бір бөлігі аяқсумен тұрақты қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аяқсу жеткізілетін аумақтарды кеңейту және қаланың жасыл қорын көбейту мақсатында Мұстафа Шоқай, Қожа Ахмет Ясауи және Дінмұхамед Қонаев көшелерінің бойына жаңа көшеттер отырғызылып, оларды тұрақты суару жұмыстары ұйымдастырылады.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге аяқсу инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, арық жүйелерін толық цифрлық түгендеу, суару желілерінің тиімділігіне тұрақты мониторинг жүргізу және қаланы көгалдандыру жұмыстарын жаңа деңгейде ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындарға қолайлы әрі экологиялық таза қалалық ортаны қалыптастыруға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және Қызылорданың тұрақты дамуына негіз болады.









