Фестиваль Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту, зияткер ұлт қалыптастыру және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған бастамалардың жалғасы болды.
Бүгінде елімізде кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге арналған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі – алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны. Жоба жеті бағыт бойынша өткізіліп, қатысушылар арнайы іріктелген әдебиеттер тізімінен 15 кітап оқып, өздерінің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады.
Сыр өңірінде де бұл бастамаға ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімдігі тарапынан тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жастардың оқу мәдениетін қалыптастыру және кітапханалардың заманауи мүмкіндіктерін кеңейту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар дәстүрлі кітап оқу мәдениетін цифрлық технологиялармен ұштастырып, электронды кітап қорларын, онлайн оқу платформаларын және ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашуда. Мұндай жобалар жастардың сапалы білімге қолжетімділігін кеңейтіп, цифрлық дәуірдегі интеллектуалды қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.
«Кітап Fest» фестивалі де кітап, әдебиет, поэзия және өнерді бір арнаға тоғыстырған мазмұнды мәдени алаңға айналды. Шара барысында тұрғындар мен жастар еліміздің түрлі өңірлерінен келген баспа үйлерінің жаңа кітаптарымен танысып, авторлармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтып, әдеби шығармаларды кеңінен насихаттауға ықпал етті.
Фестивальге Алматы және Қарағанды қалаларынан арнайы келген баспа үйлері мен кітап дүкендері қатысып, көпшілікке жаңа кітаптарын таныстырды. Сонымен қатар әдебиет әлемінің белгілі өкілдері оқырмандармен кездесіп, шығармашылық тәжірибелерімен бөлісті.
Кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мөлдір Айтбай, ақын Ақжол Түменбай және танымал сазгер Үкітай Ерниязов болды. Қонақтар әдебиет пен өнердің қоғамдағы орны туралы ой бөлісіп, көрерменге әсерлі шығармаларын ұсынды.
Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Мөлдір өлең» жобасының негізін қалаушы Мөлдір Айтбайдың қатысуымен ұйымдастырылған ақындар дуэлі болды. Жас ақындар суырыпсалмалық қабілеттерін, шығармашылық ізденістерін және поэзияға деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ақындар дуэліне Ақжол Түменбай, Бекжан Ержігіт, Нұргүл Төлеубай, Сәния Жақып, Бексұлтан Санақұл, Өтепберген Нұргелді, Диас Мұстахим және Сандыбай Піржан қатысты. Жас қаламгерлердің өнері әдебиеттің жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іс-шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Еркін Турабаев қатысып, кітап оқу марафонында белсенділік танытқан үздік оқырмандарды марапаттады. Сонымен қатар қала әкімінің атынан ақындар дуэліне қатысқан жас қаламгерлерге Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталып, олардың шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетілді.
«Кітап Fest» фестивалі тек мәдени шара ғана емес, кітап оқу мәдениетін жаңғыртуға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай бастамалар цифрлық қоғам жағдайында дәстүрлі кітаптың құндылығын сақтай отырып, білім мен ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге, интеллектуалды әрі білімді ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.
Кітап пен поэзия тоғысқан рухани кеш қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, әдебиетке қызығушылықты арттыруға, жас ақындарға жаңа серпін беруге мүмкіндік жасады. Өйткені кітап оқитын ел – ойы озық, рухы биік ел.









