Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін инвестициялық жобалардың орындалу қарқыны, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, өндірістерді уақытылы іске қосу және инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен сөз болды.
Айта кету керек, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының экономикасына 581 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,3 пайызды құрады. Оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 82 пайызға жетіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Облыс әкімі инвестициялық жобалардың әрқайсысы жаңа өндірістер ашуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікті дамытуға және бюджет кірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондықтан жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асыру барлық жауапты мекемелердің басты міндеті екенін жеткізді.
– Әрбір инвестициялық жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге басымдық беруі қажет. Облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жобалар бастапқы кезеңнен бастап өндіріс іске қосылып, алғашқы өнім шығарылғанға дейін тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әрбір инвестордың көтерген мәселесі заң аясында жедел қаралып, тиімді шешім қабылдануы қажет. Басты мақсат – инвестиция көлемін арттырумен қатар, өңір экономикасының ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын сапалы өндірістерді іске қосу, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша инвестициялық омбудсмен, Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Нұрболат Дүйсенбаев инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, жиын барысында жоба бастамашылары өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, өндірістерді іске асыру кезінде кездесетін өзекті мәселелерді көтерді. Оларды шешу жолдары бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, Үкіметтің қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында инвесторлар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, салықтық преференциялар беріледі, жер учаскелерін 2049 жылға дейін тегін пайдалану мүмкіндігі ұсынылған және кедендік баж салығынан босату көзделген. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтың 200 гектар аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталып, өндірістік алаңдарды қалыптастыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірде алты инвестор өз жобаларын осы аймақта орналастыруға ниет білдіріп отыр.
Өңірлік инвестициялық штабтың отырысында берілген тапсырмалар мен қабылданған шешімдер инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы іске асуына, жаңа өндірістердің ашылып, өңір экономикасының тұрақты дамуына тың серпін береді деп күтілуде.









