Қызылорда қалалық білім бөлімінің ауласында кішкентай бүлдіршіндерімен жүздеген қызылордалықтар жиналды. Ата-аналар бұрын бір бүлдіршінге жеке балабақшаға 15-20 мың теңге аралағында төлемақы төлесе, ендігі айдан бастап баға екі есе өседі деп ашынады. Бұл қаражатқа көңілі толмағандарға жеке кәсіпкерлер балаларыңды алып кетіңдер деп дөп басыпты.
— Біреуіне 40 мың, біреуіне 50 мың төле деп отыр. Менің ондайға шамам жетпейді, өзім көпбалалы анамын, үш балам мектепке барады.Оларды да уже киіндіруім керек. Мектеп те басталды ғой. Өзім 120 мың айлық аламын, бұл кісілер сияқты мен кондердың астында отырып 300-500 мыңдап ақша тауып отырған жоқпын. – дейді ӘМИНА ТӘТТІБАЙҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ.
Төлемақы мәселесін шешуді талап еткен қызылордалықтар алғашқыда қалалық білім бөліміне барды. Онда тұрғындардың сұрағына жауап беретін басшы не болмаса бір жауапты маман табылмады. Ашынған жұртшылық бүлдіршіндерін жетектеп облыстық білім басқармасына барды. Ондағылар жеке балабақшалардың төлемақыны көтеруі заңсыз деп жиналғандарға түсіндірме жасады.
– Ертең бағаны асырған жағдайда заң алдында жауап береді. Жауапкершілікке тартылады, басқа ешнарсе жоқ ол жерде. Арыз түсірсе тұрғындар тарапынан ол кезде біз құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс жасаймыз ғой. – дейді АСХАТ ҚАНАТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ.
«Жеке балабақша иелерінің баға көтеруі заңсыз» деген білім басқармасындағылар жаңа қаулы дайындап жатқан көрінеді. Бала тәрбиесін кәсіп қылған кәсіпкерлердің бағаны өсіруі де осыған тікелей байланысты екен. Мемлекет тарапынан бір балаға берілетін дотация көлемі азайған соң құрылтайшылар қалтасын ата-аналар арқылы толтырмақшы болған секілді.
P.S. Осылайша бюджет қаржысын шенеуніктер үнемдейміз деп тартса, жеке кәсіпкерлер бағаны өсіріп әлек. Текетірестен екі ортада қарапайым қызылордалықтар зардап шегіп, балаларын алдағы уақытта қайда берерін білмей отыр.