Мерекелік концерт барысында қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі әлеуметтік, мәдени және шығармашылық бастамаларға атсалысып жүрген жастардың еңбегі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ фестиваль аясында ұйымдастырылған түрлі сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болған жастарға арнайы марапаттар табысталды.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Еркін Турабаев фестивальге қатысып, үздік нәтиже көрсеткен жастарды құттықтап, қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Ол өз сөзінде жастардың ел болашағындағы рөліне тоқталып, олардың білімді, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы маңызды екенін атап өтті.
«Тәуелсіздікті тұғырлы ету, қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосу, ынтымағын нығайтуға үлгі болу – жастар болмысына тән жарасымды қасиет. Себебі жалынды жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау – жас буынның қасиетті парызы. Қай заманда, қай елде болмасын, жастар асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Өйткені жастар – жердің, елдің иесі. Сол себепті сіздерге сеніммен қараймыз», – деді Еркін Ермағанбетұлы.
Қала әкімінің орынбасары жастарға жүрекжарды тілегін білдіріп, ел болашағы жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол Мағжан Жұмабаевтың жастарға артқан үмітін мысалға алып, жас буынды елге қызмет етуге, биік мақсаттарға ұмтылуға шақырды.
Мерекелік кештің көркін танымал өнер иелері Жарасхан Төлебай мен AXALLEK одан әрі қыздыра түсті. Кеш қонақтары жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көпшілікке танымал әндерін орындады. Өнерпаздардың сахнадағы әсерлі қойылымдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар гала-концертте жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Ән мен әуенге ұласқан мерекелік бағдарлама жастардың белсенділігі мен өнерге деген қызығушылығын айқын көрсетті.
Айта кетейік, Жастар күні – өскелең ұрпақтың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған маңызды мерекелердің бірі. Осындай мәдени-көпшілік шаралар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа бастамалар көтеруіне және қоғамдық ортада белсенді болуына мүмкіндік береді.
Мерекелік гала-концерт жастардың басын біріктіріп, оларға ерекше көңіл күй сыйлаған мазмұнды шаралардың біріне айналды. Кеш соңында жиналған көпшілік өнерпаздарға қошемет көрсетіп, мерекелік бағдарламаның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.









