Оқу жылының басталуымен қаладағы қоғамдық көлікке түсетін жүктеме едәуір артады. Әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта оқушылар мен студенттердің, сондай-ақ білім беру ұйымдарына қатынайтын тұрғындардың қозғалысы көбейеді. Осыған байланысты қалаішілік автобус бағыттарының жұмысына алдын ала талдау жүргізіліп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселесі басты назарға алынуда.
Осы мақсатта қала әкімі Нұржан Ахатов «Автобус паркіне» арнайы барып, қоғамдық көлік жұмысының қазіргі жағдайымен танысты. Зерделеу барысында автобустардың техникалық дайындығы, санитарлық жағдайы, қозғалыс кестесі мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы қаралды.
Қала басшысы автобус паркі қызметкерлеріне әрбір көліктің ішкі және сыртқы тазалығын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, автобустар бағытқа шығар алдында міндетті түрде жуылып, дезинфекцияланып, салондағы орындықтар, тұтқалар және жолаушылар жиі пайдаланатын басқа да бөліктер тазалық талаптарына сай болуы қажет.
Сонымен қатар автобустардың техникалық жағдайына ерекше мән беру керектігі айтылды. Қалаішілік бағыттарға шығарылатын әрбір көлік күнделікті техникалық тексерістен өтіп, ақауы бар автобустар жолаушылар тасымалына жіберілмейді. Қажет болған жағдайда олардың орнына резервтегі көліктер шығарылады.
Қазіргі таңда «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты үлкен сыйымдылықтағы автобустар қаладағы бірқатар бағыттар бойынша жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қолданыстағы бағыттардағы автобустардың қозғалыс интервалы орта есеппен 12-15 минутты құрайды.
Бүгінде қалаішілік жолаушылар тасымалын тұрақты қамтамасыз ету үшін күн сайын шамамен 260 автобус бағытқа шығады. Алайда жаңа оқу жылының басталуымен қоғамдық көлік қызметіне деген сұраныстың артуына байланысты бұл көрсеткіштің тиімді ұйымдастырылуы мен автобустардың қозғалыс кестесін сақтау маңызды.
Осыған байланысты 25 тамыздан бастап қалаішілік автобус бағыттары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әсіресе мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары және басқа да білім беру нысандары орналасқан аумақтардағы жолаушылар ағыны ескеріліп, қажетті бағыттар бойынша автобустар саны арттырылып, қозғалыс интервалы барынша қысқартылады.
Мұндай шаралар таңертеңгі уақытта аялдамаларда жолаушылардың шамадан тыс жиналуын азайтып, оқушылар мен студенттердің оқу орындарына уақытылы жетуіне мүмкіндік беруге бағытталған. Сонымен бірге кешкі уақытта білім алушылардың үйлеріне қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда қайтуы да назарда болады.
Қала басшысы жауапты сала басшыларына қоғамдық көлік қозғалысының белгіленген кестеден ауытқуына жол бермеуді тапсырды. Әсіресе оқу орындарына қатынайтын бағыттардың тұрақты жұмыс істеуі қамтамасыз етілуі тиіс.
«Біздің басты міндетіміз – балаларымыздың мектепке қауіпсіз барып-келуін қамтамасыз ету. Автобустардың кешігуіне немесе салондардың таза болмауына жол берілмеуі тиіс», – деді Нұржан Ахатов.
Бұдан бөлек, қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек тәртібін сақтауына, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын орындауына және жолаушылармен мәдениетті қарым-қатынас жасауына да баса назар аударылмақ.
Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамдық көлік жұмысына жүргізілетін бақылау күшейтіледі. Автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы, қозғалыс интервалы, белгіленген кестенің сақталуы және бағыттардың тұрақты қызмет көрсетуі жауапты мамандардың тұрақты бақылауында болады.
Жалпы, қоғамдық көлік қозғалысын күшейту – жаңа оқу жылы басталған кезеңде қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз тасымалды қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Қала әкімдігі тарапынан жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.









