Мәжіліске қала әкімі Нұржан Ахатов жетекшілік етіп, салалық бөлімдер мен мекеме басшыларының қатысуымен алдағы кезеңдегі басым бағыттар сараланды. Шаһар басшысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң қарқынын сақтап қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын цифрлық бақылау жүйелері арқылы тұрақты мониторингте ұстаудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде қалада әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша тұрақты өсім қалыптасқан. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 100,1 пайызды, өңдеу өнеркәсібі – 122,3 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялар – 103,5 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 100,2 пайызды, құрылыс жұмыстары – 121,1 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – 106,6 пайызды, ал бөлшек сауда көлемі – 102,8 пайызды құрады.
Қала басшысы аталған көрсеткіштердің жыл соңына дейін төмендеуіне жол бермеу қажеттігін айтып, әрбір сала бойынша жоспарланған жобалардың орындалуын нақты мерзімдермен бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді әрі уақытылы игерілуі, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы ерекше назарда болатынын жеткізді.
Жиында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджет шығыстарының үш жылдық кезеңге жоспарланатыны атап өтілді. Осыған байланысты 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттік жоспарлау кезінде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аса маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс екені айтылды.
«Алдағы үш жылдықта республикалық бюджеттен тек еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жобаларға қаржы бөлінеді. Сондықтан барлық бюджеттік өтінімдерді сапалы әзірлеп, орталық мемлекеттік органдарға толық әрі уақытылы ұсынуымыз қажет. Бұл – 2027 жылы жоспарланған жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді қала әкімі.
Жиында мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бюджеттік жоспарлау, жобалардың орындалуы, қаржының игерілуі және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы электрондық ақпараттық жүйелер арқылы тұрақты қадағаланып, деректерді жедел талдау мен шешім қабылдау тетіктері күшейтілетіні айтылды. Бұл өз кезегінде басқару процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мәжілісте қаралған маңызды мәселелердің бірі – алдағы жылыту маусымына дайындық болды. Қазіргі уақытта қаладағы барлық жылу қазандықтарын қыркүйек айына дейін толық әзірлікке келтіру, әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарын рәсімдеу және инженерлік желілердің техникалық жағдайын бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Сонымен бірге көмір жеткізу мәселесі де тұрақты бақылауға алынған. Жауапты мекемелерге тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Қала әкімі жылыту маусымы кезінде көмір тапшылығы мен жылу беру жүйесінде қандай да бір кедергілерге жол бермеу қажеттігін қатаң ескертіп, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Жиын қорытындысында барлық басқарма мен бөлім басшыларына тапсырмалардың орындалуын цифрлық бақылау платформалары арқылы жүйелі мониторингтеп, белгіленген мерзімде нәтижесін қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл жұмыстар қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталмақ.









