Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар аурулар мен қатерлі ісіктерді ерте анықтау, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану.
Жоба аясында облыстық онкология және фтизиопульмонология орталықтары заманауи ПАКС жүйесімен және x-Eye Mammo, Toraks, Ribout Pneumonia секілді жасанды интеллект модульдерімен жабдықталды. Сонымен қатар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 57 жұмыс станциясы, жоғары ажыратымдылықтағы медициналық мониторлар, цифрландырғыштар және басқа да қажетті құрылғылар орнатылды.
Жаңа технологиялар қашықтан диагностика жүргізуге, ұсақ ісіктерді ерте кезеңде анықтауға және диагностикадағы адами факторға байланысты қателерді азайтуға мүмкіндік береді. Жүйенің іске қосылуы өңірдің пленкасыз технологияға көшуіне және бірыңғай цифрлық медициналық мұрағат қалыптастыруға жол ашты.
Бастама халықаралық деңгейде де оң бағаланып, DigitalEL тізіміне енгізілген. Бүгінде бұл жоба Қазақстандағы медицинаны цифрландыру бағытындағы озық тәжірибелердің бірі саналады.









