Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Қызылордада тұрақты жалғасын тауып келеді. Бүгін бүкіл қала бір мақсатпен көшеге шықты. Тазалық үшін, туған жер үшін, ертеңгі ұрпақ үшін.Бұл жай ғана сенбілік емес. Бұл — қоршаған ортаға деген жаңа көзқарас, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың өз жеріне деген жауапкершілігі.Таңертеңнен бастап қаланың барлық аумағында тазалық жұмыстары жүрді. Көшелер, аулалар, саябақтар мен скверлер, арықтар мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Ағаштардың түбі қопсытылып, қураған бұтақтар кесілді. Тротуарлар мен жол жиектері сыпырылды.Акцияға мемлекеттік қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, жастар, еріктілер және қарапайым тұрғындар қатысты. Үлкен де, кіші де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Біреу күрек ұстаса, біреу сыпырғы ұстады, біреу көшет отырғызды. Бәрінің мақсаты бір — Қызылорданы жарқыратып, таза қалаға айналдыру.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты — қоршаған ортаны қорғау ғана емес, адамдардың санасын өзгерту. Тазалық көшеден емес, өзімізден басталады. Бүгінгі сенбілік соның айқын дәлелі болды. Қызылордалықтар өз қаласына деген сүйіспеншілігін іспен көрсетті.









