Мерекелік жиынды жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспекторы әділет майоры Динара Шахи жүргізді. Аруларға арналған айшықты күнде жан жадыратар жылы лебіздің толастамасы анық. Бұл ретте, құттықтау сөз мекеме бастығы әділет майоры Әмірбек Азамат Темірбекұлына беріліп, қызметкерлерге жүрекжарды тілегін арнады. Яғни, Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқару оңай емес екенін алға тартып, жігер мен намыстың үлгісін көрсеткен батыр қыздарға алғысын да жеткізді.
Сондай-ақ, мекеме бастығы міндетке мұқият, іске ұқыпты болып, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген нәзікжандыларды марапаттап, сый-сияпатын ұсынды. Бұл тағылымды тұс – мерекенің мазмұнын байыта түскені рас.
Жеке құрамның аруларға тарту еткен концерттік бағдарламасы көңілді марқайтып қойды. Мекеменің Режим және күзет бөлімінің ақпарат және байланыс тобының бақылаушысы әділет сержанты Ақниет Қалмұратов пен Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы, әділет сержанты Асылжан Әбдішүкір сазды сәттің сәнін кіргізіп, жанды дауыста әсем әндерді шырқады.
Көктеммен бірге енген айшықты күнде мекеме бастығының жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары әділет подполковнигі Махашев Айбол Тимурұлы да аруларға ізгі тілегін арнады.









