Мерекелік жиынға аудан әкімі Мажит Самитов, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сала ардагерлері, ақпарат қызметінің мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын барысында журналистиканың қоғамдағы орны, бұқаралық ақпарат құралдарының халық пен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі маңызы ерекше аталып өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мажит Самитұлы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел өміріндегі жауапты қызметіне жоғары баға берді.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қандай жағдайда да қоғамның сенімінен шығуға, шынайылық пен әділдікті басты қағида етіп ұстанып келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен зор құрметке лайық еңбек. Қазіргі ақпарат ғасырында журналистің рөлі бұрынғыдан да артып келеді. Халыққа дәл әрі шынайы ақпарат жеткізу, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, ел бірлігін нығайту жолындағы еңбектеріңіз қашанда жоғары бағаланады. Алдағы уақытта да елдік мүддені бәрінен биік қойып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын, береке-бірлігі мен жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттай бересіздер деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Мерекелік шара барысында ауданның ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлері ауданның жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ ақпарат саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп жүрген мамандарға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби жетістіктері атап өтілді.
Сондай-ақ ардагер журналист Ерубай Қалдыбек және «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы жауапкершілігіне тоқталды. Олар жас журналистерге шығармашылық табыс тілеп, көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Іс-шара барысында ауданның ақпарат саласының қалыптасуы мен даму жолы туралы бейнеролик көрсетіліп, журналистердің күнделікті еңбегі мен қоғамдағы маңызды оқиғаларды жариялаудағы қызметі кеңінен насихатталды. Қатысушылар мерекелік кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасып, қазақ және әлемдік эстрада әндері орындалды. Кеш соңында мереке иелеріне ізгі тілектер айтылып, шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен ел игілігі жолындағы еңбектеріне толағай табыс тіледі.









