Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге Қазалы ауданына барған министр алдымен Қазалы қаласында жақында іске қосылған орман тұқымбағының жұмысын көрді.
Аталған жоба Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту, ел аумағын көгалдандыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылған. Жобаны іске асыруға Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы бағытталып, жалпы құны 440 млн теңгені құрады.
Жалпы аумағы 33,5 гектарды құрайтын тұқымбақта қазіргі таңда 16 арнайы техника жұмыс істейді. Мұнда өңірдің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген әртүрлі ағаш түрлерінің көшеттерін өсіруге басымдық берілген.
Атап айтқанда, қара сексеуіл, жапырақты және жеміс дақылдары, үйеңкі секілді ағаш түрлері өсірілуде. Дайындалған көшеттерді алдағы уақытта қорғаныш жасыл белдеулер қалыптастыруға және көгалдандыру жұмыстарына пайдалану көзделіп отыр.
Тұқымбақтың іске қосылуы көшет қорын қалыптастырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі уақытта мұнда 45 адам еңбек етеді.
Сапар барысында Әлібек Қуантыров пен Мұрат Ергешбаев Қазалы қаласындағы республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының тұқымбағында да болды.
Жалпы аумағы 32 гектар болатын тұқымбақтың 17 гектары орманмен қамтылған. Ал қалған 15 гектар жер жайылым ретінде пайдаланылуда.
Бұл нысанда жыл сайын 1-1,5 млн данаға дейін түрлі ағаш көшеттерін өсіруге мүмкіндік бар. Мұнда Сыр өңірінің табиғи жағдайына бейімдеу мақсатында таулы аймақтарға тән айлант, катальпа, туя секілді ағаштардың 10 түрі жерсіндіріліп, өсірілуде.
Сонымен қатар тұқымбақта бес түрлі жеміс ағашының көшеттері де дайындалады. Бұл жұмыстар өңірді көгалдандырумен қатар, ағаш түрлерінің биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, жергілікті климатқа бейімделген көшет қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазалыдағы тұқымбақтардың жұмысы Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жобалар үшін де маңызды. Атап айтқанда, Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызылатын сексеуіл көшеттері осы жерде дайындалады.
Сексеуіл – шөлейтті аймақта топырақты бекітіп, желмен көтерілетін тұзды шаңның таралуын азайтуға ықпал ететін өсімдіктердің бірі. Сондықтан оның көшеттерін жүйелі түрде өсіру Арал маңындағы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі саналады.
Биыл тұқымбақта сексеуіл көшеттерін егу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта өсірілген көшеттерді өңірдегі орман отырғызу және көгалдандыру жұмыстарына пайдалану көзделген.
Қазіргі таңда республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының тұқымбағында 41 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы, Қазалы ауданындағы екі тұқымбақтың жұмысы Сыр өңірінде орман қорын ұлғайтуға, жасыл желек көлемін арттыруға және табиғи аумақтарды көгалдандыруға бағытталған. Сонымен бірге мұнда өсірілетін көшеттер алдағы уақытта елді мекендерді көгалдандыруға, қорғаныш орман белдеулерін қалыптастыруға және Арал теңізінің құрғаған табанын сексеуілдендіруге пайдаланылмақ.









