Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған қауымды мерекемен құттықтады:
– “Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – атамекенін, туған жерін жан-тәнімен сүйген, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті паш еткен, мерейі үстем, мәртебесі биік мереке.”
Сонымен қатар аудан әкімі Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуын атап өтіп, бұл шешімнің баршамыз үшін зор мәртебе әрі үлкен сенімнің айқын көрінісі екенін жеткізді.
Мерекелік шарада Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауған соғысының жауынгерлері, бітімгерлік миссияларға қатысқан әскери қызметшілердің ерлігі мен еңбегі ерекше ілтипатпен аталып өтті. Жиналғандар олардың рухына тағзым етіп, ерлік жолын жас ұрпаққа үлгі етті.
Аудан әкімі өз сөзінде Шиелі өңірінің де ел қорғанысын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Киелі өңірден шыққан Кеңес Одағының батыры Георгий Ковтунов, генерал-лейтенант Құлахмет Қалменов, генерал Бекзатхан Асқаров, теміржол саласының генералдары Жақанша Ахметов пен Алтынбек Сейілханов сияқты елге танымал тұлғалардың есімі мақтанышпен аталды.
Биылғы жылы ауданнан 42 азамат әскер қатарына шақырылып, қазіргі таңда 114 жас Отан алдындағы борышын өтеп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етті.
Бұл кеш – ерлік пен батырлықты ұлықтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды рухани-мәдени іс-шара болды.
@Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









