Мерекелік шара шымылдығын «Бұл менің Қазақстаным» атты композициялық пролог ашты. Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті және ел болашағына деген сенімді бейнелеген әсерлі қойылым көрермендерге ерекше патриоттық көңіл күй сыйлады. Сахна төрінен шырқалған ән мен көркем қойылымдар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, халықтың бірлігі мен ынтымағын айшықтады.
Салтанатты кеште аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталды.
Аудан басшысы өз сөзінде Республика күні – мемлекеттілігімізді дәріптеп, елдік мұратымызды айқындайтын, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын маңызды мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күнінің тарихи мәні туралы айтқан пікірін тілге тиек етті.
– Бүгінгі күн – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын маңызды мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнінің мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке екенін атап өткен болатын. Биыл Президентіміз айтқандай, еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты.
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформаларды жариялады. Бұл бастамалар саяси жаңғыру үдерісін жеделдетіп, «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстан» құру жолындағы өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты. Осындай ауқымды бастамалардың қасиетті Сыр өңірінде қолға алынуы біз үшін ерекше мәнге ие.
Бүгінде қазыналы Қазалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, елімізде жауапты қызметтер атқарып жүрген Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді мекендердің көркеюіне бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.
Кеше облыс орталығында Республика күніне арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы бірқатар жерлестерімізге мемлекеттік наградалар табыстады. Мұны туған жердің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет деп білеміз. Бұл – Қазалының бірлігі бекем жұртшылығына, ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген барша азаматтарға берілген ортақ баға.
Киелі Сыр өңірі, қасиетті Қазалы ауданы Тәуелсіз Қазақстанмен бірге жасай берсін! Барлық бастамаларымыз баянды болғай! Айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мереке аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси өміріне және түрлі салалардың өркендеуіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар азамат облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – туған жердің дамуына үлес қосып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің белгісі. Еңбек адамын дәріптеу, азаматтардың бастамалары мен жетістіктерін бағалау – елдік құндылықтарды нығайтудың маңызды бөлігі.
Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнер иелері патриоттық әндер мен әсем әуендерді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде орындалған музыкалық шығармалар мен шығармашылық ұжымдардың өнері мерекенің мазмұнын аша түсті. Көрермендер туған елді, кең байтақ даланы, бейбіт өмір мен ынтымақты жырлаған әндерді ыстық ықыласпен қабылдады.
Республика күні – ел тарихындағы маңызды белестерді еске салып, мемлекеттілігіміздің мәнін терең сезіндіретін ұлттық мереке. Бұл күн – тәуелсіздіктің қадірін бағалап, ортақ Отанымыздың болашағына деген жауапкершілікті арттыратын ерекше дата. Оның маңызы ел жетістіктерін атап өтумен ғана шектелмейді. Мереке әр азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғамдағы татулық пен өзара құрметтің маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
Туған өлкенің өркендеуі, ел экономикасының дамуы және келер ұрпаққа жарқын болашақ қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Бұл жолда әр азаматтың адал еңбегі, қоғамның бірлігі мен өзара қолдауы айрықша рөл атқарады. Бірлігі жарасқан елдің берекесі артып, ынтымағы бекем жұрттың алар асуы биік болмақ. Ұлттық мерекені кең көлемде атап өткен қазалылықтар үшін бұл кеш елдік рухты көтеріп, ортақ құндылықтарды дәріптеген тағылымды шараға айналды.









