Бұл жоба – аудан аумағында алғаш рет қолға алынған ерекше форматтағы қонақ үй кешені. Заманауи үлгіде жасақталған жылжымалы қонақ үйлер келушілерге жайлы демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әрбір демалыс орны қажетті тұрмыстық құралдармен жабдықталып, қонақтардың жайлы орналасуына барлық жағдай қарастырылған.
Аталған нысанды “Мун” жеке кәсіпкерлігі іске асырып отыр. Кәсіпкердің жаңа бастамасы аудандағы туризм мен сервистік қызмет көрсету саласының дамуына оң ықпал етіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар, жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалды.
Жоба мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында жүзеге асырылған. Кәсіпкер жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы 120 миллион теңге қаржы алып, өз кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алған. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың кәсіпкерлер үшін тиімді екенін және өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков жаңа нысанның ашылуымен кәсіпкерді құттықтап, жобаның аудан экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтіп, осындай тың бастамалар халыққа қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету сапасының артуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
Соңғы жылдары Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде аудан экономикасына инвестиция тарту көлемі айтарлықтай артып келеді. Мәселен, соңғы 4 жылда аудан экономикасына 262,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім көлемі 140 пайызға ұлғайған. Қазіргі таңда аудан бойынша 5757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, түрлі бағытта нәтижелі жұмыс жүргізуде.
Мұндай жобалардың жүзеге асуы ауданның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпек.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.









