Кездесу барысында медицина саласы мамандарының қоғамдағы рөлі, олардың кәсіби қызметін қолдау бағытындағы мемлекеттік кепілдіктер және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жаңа бастамаларға ерекше назар аударылды.
Жиында сөз алған бас дәрігердің БМСК жөніндегі орынбасары Қазбек Алтынбекұлы Шәукебаев Жаңа Конституция жобасындағы 27-бапқа тоқталып, онда медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға қатысты маңызды нормалар қамтылғанын атап өтті.
Оның айтуынша, аталған бап медицина саласы мамандарына қауіпсіз және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай еңбек етуге құқық беруге кепілдік етеді. Сонымен қатар бұл норма мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту бағытында нақты міндеттер жүктейді.
– Жаңа Конституция жобасында медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі 27-бапта нақты бекітілген. Бұл медицина мамандарының қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар мемлекетке ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттер жүктеледі. Бұл – медицина саласы қызметкерлеріне деген қолдаудың айқын көрінісі, – деді Қазбек Алтынбекұлы.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Мамандар жаңа өзгерістер медицина саласының беделін арттырып, қызметкерлердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтуге оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек жағдайларын жақсарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты ел көлемінде денсаулық сақтау саласын қолдауға арналған жүйелі реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.









