-Президентіміз: «Жастар – еліміздің тірегі, мемлекеттің стратегиялық ресурсы» деп атап өткен болатын. Бұл сөз — сіздерге берілген үлкен баға әрі зор жауапкершілік. Бүгін осы залда отырған әрбір түлек — өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында биік белестерді бағындырған жастар. Сіздердің жетістіктеріңізде ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың ақ тілеуі жатыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Білімді ұрпақ – ұлттың сапалы болашағының кепілі» екенін ерекше атап өтті. Бүгінде Президентіміздің Жолдауынан туындаған міндеттер аясында елімізде жастардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда. Осының барлығы – сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалып жатқан қолдау. Сіздерге алдағы үлкен жауапты кезеңдерге сәттілік, жарқын болашақ, биік мақсаттар тілеймін, — деді аудан әкімі АЛМАСБЕК ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ.
Кездесуде білім саласының ардагері Дөңес Мешітбай мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, білім саласының ардагері Ләззат Ізбасқан құттықтау сөз сөйлеп, жас түлектердің жарқын болашағына сәттілік тіледі.
Жиында әлемнің беделді оқу орындарының грант иегері атанған №216 орта мектептің оқушысы Темірхан Бақдаулет, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Әмірхан Нұртөре және пәндік олимпиадалар жүлдегері Жеткерген Ерасыл сынды халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары жетістіктерге жеткен дарынды оқушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу соңында аудан басшысы түлектерге жарқын болашақ, биік мақсат пен толағай табыс тілеп, ел игілігі жолында аянбай еңбек ететін үлкен азамат болуға тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында ауданымызда 1015 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 943 оқушы ҰБТ-ға ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап — 10 шілде аралығында бақ сынауда. Биыл ауданымызда мектеп бітіретін 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгіге», 116-ы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.









