Теміржол вокзалы жанындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы саябақта өткен шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, экологиялық акция аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында атап өтті. Сондай-ақ тазалық акциясына белсенді қатысып, жүрген азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
-Президентіміз әрдайым: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деп, қоршаған ортамыздың тазалығы — ортақ жауапкершілігіміз екенін үнемі айтып келеді.
Бүгінде жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында ауданымызда саябақтар, скверлер мен аллеяларды, тұрғындар көп шоғырланатын орындарға кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жасалып келеді. Ауа райының кез-келген мезгіліне қарамастан тынымсыз еңбек еткен жерлестеріміздің арқасында ауданымыз таза әрі көркем аймаққа айналуда.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы.
Барша жерлестерімізді игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелерде, мөлтек аудандарда жүзеге асыруға, кент, қала мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамын,- деді аудан әкімі АЛМАСБЕК ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ.
Марапаттау шарасы әрі қарай сенбілік жұмыстарына жалғасып, қазалылықтар туған жердің тазалығы атсалысты.
Аудан бйойынша жалпы жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде 50-ден астам кең ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығы Әйтеке би кентінде 100 дана қоқыс жәшігі сатып алынса, аудан орталығындағы көше атауы берілген азаматтардың ұрпақтарының демеушілігімен 80 дана қоқыс жәшігі алынып, тұрғын үйлерге орналастырылды. Жүргізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері 5680 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Ал, тазалық шаралары аясында аудан бойынша биыл барлық елді мекендер бойынша 5500 түп ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.









