«Руханият орталығында» өткен жиынға аудан активі қатысып, өңірдің әлеуметтік — экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Кездесуде аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.
–Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, жұмысты күшейту керек.
2023 жылдан күріш көлемі 1147 гектарға қысқарған. «Ауыл аманаты» жобасы ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануды тапсырамын. Ауданда 175 шаруашылық каналы бар, оларды бетондау жобаларын әзірлеудегі жұмысты жеделдетіңіздер.
Жаңақорғанның туристік әлеуетін тиімдіпайдаланып, нақты жобаларға айналдыру керек. Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның табиғиерекшеліктері, тарихи орындары меншипажайлары, мәдени-рухани құндылықтары ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Кейінгі төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілсе, оның 254-і Жаңақорған ауданында. Сапасына қатысты кемшіліктерді мердігер мекемелер толықтай қалпына келтірді. Биыл да тұрғын үйлер салу жоспарланған.
Осы ретте облыс әкімі салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.
Ауданда газдандыру деңгейі 53 пайыз, бүгінде5 елді мекенге жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмысын ұйымдастыруы тиіс.
Айта кетейік, аудан экономикасының негізгі салаларында тұрақты даму үрдісі сақталып, бірқатар бағыт бойынша оң нәтижеге қол жетті.Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға артты.Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 млрд теңге болған. Құрылыс жұмыстарының көлемі, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы жағынан да өсім бар.
Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы көтерілген әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңды шешім қабылданатынын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі









