Бұған дейін аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде жол жөндеу мәселесі көтерілген болатын. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен Ақсу ауылындағы М.Әуезов, Т.Қожағұлов және Ақбөгет көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның жалпы ұзындығы – 3,1 шақырым. Құрылыс жұмыстарын «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС жүзеге асыруда.
Жол құрылысы алаңында болған аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, мердігер мекеме мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әрбір жобаның нәтижесі тұрғындарға нақты пайдасын тигізуі тиіс. Сондықтан жол құрылысы белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жауапты мекемелер, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстаңыздар!», – деді Ардақ Ибраимов.
Айта кетейік, өткен жылы Беркінбай кәлпе – Жалағаш бағытындағы автожолға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жол толық асфальтталды.
Қазіргі таңда Ақсу ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Сонымен қатар, электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.









