Жаңа вокзал құрылысының бас мердігері – «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, инженерлік желілерді реттеу, еден және қабырға жабындарын орнату, есік-терезелерді монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, вокзалдың сыртқы аумағында абаттандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу, жарықтандыру жүйелерін орнату және автотұрақ алаңын дайындау жұмыстары қатар атқарылуда.
Құрылыс алаңын аралау кезінде аудан әкімі әрбір жұмыстың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс барысында қолданылатын материалдардың талапқа сай болуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес әрі сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті.
– Жаңа теміржол вокзалы – аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысан. Сондықтан құрылыс сапасы мен мерзімі басты назарда болуы тиіс. Әрбір жұмыс жоғары жауапкершілікпен атқарылып, нысан заманауи талаптарға толық сай пайдалануға берілуі қажет, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына вокзал маңын толық абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қауіпсіздік талаптарын сақтау және нысанды пайдалануға беру алдындағы барлық дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артып, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан ауданның сәулеттік келбетін айшықтап, өңірдің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға тың серпін береді.









