Ағымдағы жылдың тамыз айында өңірдің сауда объектілерінде жүргізілген мониторинг барысында әртүрлі жастағы балаларға арналған оқушы сөмкесі мен киімдерінің 33 атауы іріктеліп алынды. Олар: оқушы сөмкесі – 9 үлгі, аяқ киім – 4 үлгі және мектеп формасы – 20 үлгі. «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылорда облыстық филиалында жүргізілген лабораториялық зерттеулер нәтижесінде аталған тауарлардың 28 сынамасы Кеден Одағының техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді. Басым көпшілігі,өнімнің таңбалануы бойынша сай болмады, яғни өнімнің құрамы, өндіруші мен импорттаушының атауы мен мекен-жайы, қолданыс кезіндегі ерекше нұсқаулар мен күтім жасау әдістері, өнімнің өндірілген және жарамдылық мерзімі, нарықтағы бірыңғай айналым белгісі көрсетілмеген. Бұл мәліметтердің жоқ болуы тауардың сапасына күмән келтіреді.
Оқушы сөмкелерін таңдағанда оның жарық шағылыстырғыш элементтерінің болуына назар аударыңыз, бұл да техникалық регламентпен белгіленген талаптардың бірі. Ол баланың кешкі уақытта жолда жүру қауіпсіздігін, көлік жүргізушілеріне жақсы көрінуді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мониторинг барысында іріктеп алынған сынамалардың ішінде 9 сөмкенің шағылыстырғыштыру элементтері жоқ болып шықты.
Кеден Одағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойынша сауда объектілеріне Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына және (немесе) Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмейтін өнімді (тауарды) алып қою және өткізуден кері қайтарып алу туралы жедел ден қою шаралары рәсімделді.
Естеріңізге сала кетейік, өнім қауіпсіздігінің ай сайынғы мониторингінің нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған барлық өнім http://reestr-np.kz сайтында орналасқан сәйкес келмейтін өнімдер тізілімінде орналастырылған, барлық тұтынушыға қолжетімді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балаларға киім-кешек сатып алу кезінде келесі маңызды жайттарға назар аударуды сұрайды:
1) киімнің таңбалануын мұқият зерттеңіз — өндірушінің деректері мен мата құрамы;
2) өнімге қалай күтім жасау керектігін көрсететін белгілерге назар аударыңыз. Мысалы, затбелгіде химиялық тазалау көрсетілсе, мұндай киімнен бас тартқан дұрыс, себебі өнімді тазалау кезінде қолданылатын химиялық заттар оқушының денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
3) киім тігілетін мата кем дегенде жартысы табиғи материалдардан тұруы керек. Балалар киімі үшін ең жақсы материалдар — мақта мен зығыр, жүн, кашемир. Мектеп формасындағы синтетикалық талшықтардың максималды пайызы 55% аспауы қажет.
4) өнімнің өткір иісі болмауы керек. Жағымсыз иістің болуы тоқыма материалдарында матаны бояуда қолданылатын зиянды немесе тіпті қауіпті химиялық заттар бар екенін көрсетуі мүмкін.
5) киімнің сәйкестік сертификатының болуы маңызды. Сатушы бұл құжаттарды сатып алушының талабы бойынша ұсынуға міндетті.
6) оқушыға киім сатып алғанда дұрыс өлшемді таңдап, балаңыз отырғанда да, жүргенде де оған ыңғайлы екеніне көз жеткізіңіз. Киім баланың қозғалысын шектемеуі керек және тым тар болмауы керек.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары