Мерекелік шара театрландырылған қойылыммен және концерттік бағдарламамен жалғасты.
Мерекелік кеште аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.
«Құрметті жерлестер! Сіздерді ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің нышанына айналған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан сан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігі мен достығының, бейбітшілігі мен келісімінің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға айрықша мән беріліп келеді. Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында жаңа Достық үйінің ғимараты бой көтеріп, ел бірлігі мен татулықты нығайтудың маңызды орталығына айналды.
Тамыры терең, тарихы бай, қойнауы шежіреге толы Жалағаш өңірінің халқы қай кезеңде де ел бірлігі мен ұрпақ саулығы, ұлт амандығы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сіздердің бірлік пен татулықты, өзара құрмет пен келісімді басты құндылық ретінде бағалап, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп жүргендеріңіз – болашаққа берік іргетас қалаудың жарқын үлгісі.
Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі нығая берсін!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Мерекелік шара одан әрі театрландырылған қойылыммен жалғасып, сахнада жергілікті өнерпаздар мен түрлі этнос өкілдерінің ұлттық биі мен әндерінен құралған концерттік бағдарлама ұсынылды.









