Білім күніне орай оқушылармен есірткінің таралуының алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша профилактикалық кездесу өткізілді.
Кездесу барысында Б. Багисов оқушыларға есірткі қолданудың кері салдары туралы айтып, күмәнді ұсыныстарға ермей, әрдайым саналы таңдау жасауға шақырды.
Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану, білім алуға ұмтылу, спортпен айналысу және өзін-өзі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жастардың бүгінгі таңдауы олардың болашағына, сондай-ақ еліміздің келешегіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.
Сонымен қатар іс-шараға Полиция департаменті жанынан құрылған Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері — «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Баймұрза Әсетхан Қазиханұлы және Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Жорабек Медет Ерданұлы қатысты. Олар да оқушыларға есірткіден аулақ болудың, салауатты өмір салтын ұстанудың және бос уақытты тиімді өткізудің маңыздылығы туралы айтып, білімге, спортқа және пайдалы істерге ұмтылуға шақырды.
Іс-шарада оқушыларға «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысудың маңыздылығы түсіндірілді. Аталған бастама тазалық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және өз қаласы мен еліне жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
Іс-шара соңында оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік, биік жетістіктер және алға қойған мақсаттарына жету жолында табыс тілектері білдірілді. Денсаулығы мықты, білімді және саналы ұрпақ – Қазақстанның жарқын болашағының негізі екені атап өтілді.









