Отыз сегіз жастағы полиция қызметкерінің мәйіті тұрғын үй ауласындағы гараждан табылған. Алғашқы тексеру кезінде денесінен жарақат іздері анықталған.
Қызылорда облысының Полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал барысында учаскелік инспектор ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Полицияның мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталған. Қазіргі уақытта оны ұстауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр.
Оқиғаның тағы бір назар аударарлық тұсы бар. Полиция күдікті бұған дейін марқұм учаскелік инспектор тарапынан отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ оған қатысты бірнеше рет қорғау нұсқамасы шығарылған.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.









