Құрылтай сайлауы барысында қызылордалықтар ұйымшылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Қала тұрғындары сайлау үдерісіне белсенді қатысып, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанның ашық әрі жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Бұл тарихи күн қоғамдағы бірлік пен өзара ынтымақтастықтың, азаматтық белсенділіктің айқын көрінісіне айналды.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімі ұлттық құндылықтармен үндестік тауып, мерекелік сипатта ұйымдастырылды. Әрбір аумақта мәдени-көпшілік бағдарламалар, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін тұсаукесер, бата беру рәсімдері, шығармашылық концерттер, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен азық-түлік және мектеп жәрмеңкелері өткізілді. Бұл бастамалар тұрғындардың сайлауға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамдық бірлікті нығайтуға да оң әсерін тигізді.
Іс-шараларды ұйымдастыруға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар жұмыла атсалысты. Олардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде барлық сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасалып, тұрғындарға сапалы ұйымдастырушылық қызмет көрсетілді.
Жиында қала әкімі мұндай ауқымды науқанның табысты өтуі – жауапты мамандардың кәсібилігі мен бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
– Бұл – әріптестеріміздің ұтымды ұйымдастырушылығы мен бірлескен еңбегінің жемісі. Баршаңызға атқарған жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы бастамаларда белсенді болып, жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін. Сіздерге толайым табыс пен мол игілік тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Жиын барысында Құрылтай сайлауын ұйымдастыру және өткізу кезінде белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарға ерекше үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің және қала әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар, сайлау науқаны кезінде ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігін арттыруда цифрлық шешімдер мен ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылды. Бұл өз кезегінде учаскелердегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, ақпарат алмасу үдерісін жеделдетуге, ұйымдастырушылық жұмыстарды жүйелі үйлестіруге мүмкіндік берді. Цифрландыру құралдарын қолдану қоғамдық-саяси іс-шараларды басқарудың тиімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етті.
Мұндай марапаттау рәсімдері қоғам белсенділерінің еңбегін бағалап қана қоймай, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруға серпін береді.









