Мәжіліске Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов бастаған Палата өкілдері, салалық мекеме басшылары, ауылдық округтердің жауапты мамандары және аудан кәсіпкерлері қатысты.
Жиында алдымен аудан аудан басшысы ауданның кәсіпкерлік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталып өтті.
— Бүгінде Қазалы ауданында 5 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Агробизнес», «Ауыл аманаты», «Іскер», «Өңдеу өнеркәсібін дамыту» бағдарламалары аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 8 айында аталған бағдарламалар шеңберінде 4,5 млрд теңгеге 273 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар биыл ауданға 31,8 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. 2024–2025 жылдары жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Ал 2026–2029 жылдары жалпы құны 6 млрд теңге болатын 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, нәтижесінде 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мәжілісте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнеске мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Мәжілісте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов Палатаның кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес бастамаларды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, Қазалы ауданындағы кәсіпкерлік әлеуетті одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ал Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Нұрхожаев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнестің жұмысына кедергі келтіретін әкімшілік мәселелерді азайту және кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің өз құқықтарын білуі және туындаған мәселелер бойынша тиісті органдарға жүгінуінің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында аудан әкімі кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту – аудан экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін маңызды бағыт екенін атап өтіп, тиісті мекемелерге кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге және жаңа жобаларды іске асыруға қажетті қолдауды күшейтуді тапсырды.
Кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.









