«Руханият» орталығындағы аудандық музейде өткен «Ұлы ерлікке тағзым: Жанқожа батырдың қылышы – ұрпақ аманаты» атты тарихи-танымдық шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және баба ұрпақтары қатысты. Шара басталмас бұрын алдымен қонақтар Жанқожа баба кесенесіне барып тағзым етіп, баба рухына арнап құран бағыштады.
Аудандық музейде өткен тағылымды шараны Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп ашып, батыр бабаның ұстаған қасиетті қылышын ел жадына, ұрпақ санасына аманаттау рәсіміне арналған тарихы мол танымдық шараның маңызына тоқталды. Сондай-ақ «Бұл — тек бір жәдігерді тапсыру емес, бүтін бір ұлттың ерлік рухын құрметтеу. Тарихи шежіренің көшірмесін жасатып, батырдың туған өңіріне жеткізіп тапсырып жатқан ұрпақтарына шынайы алғысымызды жеткіземіз», — деді Жалғас Оңғарұлы.
Мұнан кейін ауданның өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан еңбек ардагері Берік Бисембаев пен батыр бабаның ұрпағы Алғашбай Байкөбеков сөз сөйлеп, Жанқожа Нұрмұхамедұлының өзі қолданған қылышының көшірмесін жасатып әкелу тек баба ұрпақтарының ғана емес, осында жиналған барша қауымның еңбегі екенін атап өтті.
Шара барысында Жанқожа баба сияқты ұлы тұлғалардың өмір жолын зерттеп, кеңінен насихаттау арқылы халықтың рухани байлығын арттырып келе жатқан аудан тарихшыларыда сөз сөйлеп, бабаның өмір жолы жайлы деректерді көпшілікке жеткізді.
Мұнан соң батыр бабаның қылышын ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері экспозицияға қойып, шараға жиналған жұртшылық құнды жәдігердің көшірмесін тамашалады.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық музей қорында сақтаулы тұрған батыр бабаның қылышы алдымен украиналық іздеуші мамандардың қолына түскен. Кейін Ресейде арнайы сараптамадан өткізіліп, оны Қазақстан азаматтары сатып алып, Ұлттық музейге табыстаған. Қылышты Жанқожа Нұрмұхамедұлына Кенесары хан сыйға тартқан делінеді. Батыр оны жауға қарсы шайқаста өзі қолданған. Жәдігердің екі жағында арабша жазу бар. Бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған.