Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған делегация құрамында облысқа қарасты аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, салалық ардагерлер ұйымдарының өкілдері және қоғам өміріне белсене араласып жүрген ардагерлер болды.
Сапар аясында қонақтар алдымен Арал қаласындағы балық өңдеу саласының көшбасшы кәсіпорындарының бірі – «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті мен даму тарихы туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Айымбетов кеңінен баяндап, зауыттың аудан экономикасындағы маңызына тоқталды.
Айта кету керек, аталған кәсіпорын 2008 жылы бұрынғы «Аралрыбпром» зауытының орнына салынған. Ал өндіріс орны 2010 жылдан бастап толық қуатында жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда өндірілген өнімдер еліміздің ішкі нарығымен қатар Еуропа мемлекеттеріне, Қытайға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне экспортталуда.
Кәсіпорын балықтың филесі мен тұтас өнімдерін, ысталған және кептірілген балық түрлерін, балық фаршын, сондай-ақ мұздатылған өнімдерді шығарады. Өндірістік орталықтың жылдық қуаттылығы 5 мың тонна балық өнімін өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар зауыт халықаралық экологиялық талаптарға сай жұмыс істеп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ISO 14001 экологиялық менеджмент стандартына сәйкес қызмет атқарады.
Бүгінде Арал ауданында жалпы жылдық қуаттылығы 30 мың тоннаға жуық өнім өндіретін 10 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Соның ішінде Еуропа нарығына өнім экспорттауға мүмкіндік беретін арнайы «Еврокод» белгісіне ие екі кәсіпорынның бірі – осы «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС болып табылады. Бұл кәсіпорынның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Өндіріс орнын аралағаннан кейін ардагерлер қаладағы Балықшылар алеясында болып, теңіз тағдырымен біте қайнасқан өңір тарихымен және балықшы қауымның бай мұрасын жинақтаған Балықшылар мұражайымен танысты.
2012 жылдан бері келушілерге қызмет көрсетіп келе жатқан мәдени нысанда бүгінде 2500-ден астам құнды жәдігер сақталған. Мұражай экспозициялары Арал теңізінің ежелгі тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта мұражай залы, «Балықшылар» залы және «Кемелер» залы орналасқан.
Мұнда балық өнеркәсібінің қалыптасу және даму кезеңдері, балықшылардың тұрмыстық құралдары, кеме жабдықтары, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан жергілікті азаматтар туралы тарихи деректер қойылған.
Мұражай ауласында да келушілердің қызығушылығын арттыратын көптеген жәдігерлер бар. Олардың қатарында ат және түйе шаналары, көне қайықтар, жылым тартуға арналған шығырлар, тарихи станоктар мен атақты капитандардың есімдері берілген кемелер қойылған.
Қонақтар музей қорындағы құнды мұраларды тамашалап, теңіз жағасында тіршілік кешкен балықшы халықтың өткені мен бүгіні туралы мол мағлұмат алды. Олар Арал өңірінің бай тарихы мен балық шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне жоғары бағаларын беріп, ауданның өндірістік әлеуеті мен мәдени мұрасының ерекшелігіне ерекше қызығушылық танытты.
Арал ауданында ұйымдастырылған бұл тағылымды кездесу ардагерлердің тәжірибе алмасуына ғана емес, өңірдің өндірістік мүмкіндіктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен таныстыруға да мүмкіндік берді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі









