Тағылым мен тағзымға толы жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, құқық қорғау саласының өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты. Кеш барысында елге адал қызмет еткен ардақты азаматтың өнегелі өмір жолы кеңінен насихатталып, оның Отан алдындағы ерен ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі ерекше құрметпен еске алынды.
Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерлік пен отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеу жөніндегі тағылымды пікіріне тоқталып, Камал Оспанұлының ғибратты ғұмыры бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті.
– Бүгінгі еске алу шарасы – бір ғана азаматтың өмір жолын дәріптеу емес. Бұл – ел басына күн туған шақтағы ерлік пен елдіктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің асыл мұрасын ұлықтайтын тағзым сәті. Камал Оспанұлының өнегелі ғұмыры – жастар үшін нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі, – деді аудан басшысы.
Камал Оспанұлы 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ол жастайынан еңбекқорлық пен әділдікті бойына сіңіріп өсіп, небәрі 16 жасында майдан даласына аттанған. Сталинград шайқасына қатысып, жауға қарсы ұрыстарда қайсарлық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Сұрапыл соғыс кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, рухы сынбай, елге оралған соң бейбіт өмірде де халыққа қалтқысыз қызмет етті.
Соғыстан кейін заң саласын таңдап, прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Әділдік пен заңдылықтың сақталуына сүбелі үлес қосқан азамат әріптестері арасында үлкен беделге ие болды. Оның адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, КСРО Бас прокуроры Роман Руденко атынан арнайы алтын сағатпен марапатталған.
Сонымен қатар, ардагердің кеудесіндегі «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдары оның майдандағы өшпес ерлігінің айқын дәлелі ретінде аталды.
Тағылымды кеште Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Исламбек Төлегенов, «Хусамуддин Әс-Сығанаки» қоғамдық қорының президенті Тұрсынхан Әлібеков және ардагердің отбасы атынан Назипа Оспанова сөз сөйлеп, Камал Оспанұлының азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі мен адамгершілік қасиеттері жайында тебіреніспен естеліктер айтты.
Кеш барысында ардагер рухына тағзым жасалып, арнайы естелік қойылымдар мен патриоттық әндер орындалды. Жиын соңында қатысушылар Камал Оспанұлының ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның жарқын бейнесі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын ерекше атап өтті.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі









