Акция барысында қатысушылар табиғи ландшафттың сәнін кетіріп, қоршаған ортаның эстетикалық келбетіне нұқсан келтіретін тастардағы түрлі жазуларды, бейберекет салынған суреттер мен белгілерді тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аумақтың тазалығын сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстары да қатар ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын дәріптеу және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғи мұраларды сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады.
Қаратау бөктері – өңірдің табиғи ерекшеліктері мен әсем келбетін айшықтайтын маңызды аумақтардың бірі. Сондықтан жастардың бұл бастамасы туған өлкенің табиғи байлығын қорғауға және оның көркін сақтауға бағытталған нақты қадам ретінде бағалануда.
Экологиялық акцияға қатысқан жастар табиғаттың тазалығы мен қоршаған ортаның сақталуы әр адамның күнделікті әрекетінен басталатынын атап өтті. Олар тұрғындарды қоғамдық орындарда тазалық сақтауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Мұндай шаралар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосқан шиелілік жастар қоршаған ортаға деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, экологиялық құндылықтарды насихаттауға өз үлестерін қосты.
Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоршаған ортаны сақтау мен табиғи байлықтарды қорғауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізілмек.









