Тағылымды шара барысында аудан басшысы аналардың қоғамдағы рөлі айрықша екенін атап өтіп, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар отбасы институтын нығайтуда, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде аналардың орны қашанда биік екенін жеткізді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аудан әкімі көпбалалы аналарды қолдау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтып, аналардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті.
– «Ана тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Балаға берілетін тәрбие мен тағылымның бастауы – отбасы. Сіздердің мейірімдеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында ел ертеңі болатын саналы ұрпақ өсіп келеді. Бүгінгі марапат – аналардың қоғам алдындағы еңбегіне көрсетілген құрмет. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін», – деді Айтбай Жандарбеков.
Марапаттау барысында киелі Шиелі өңірінде тұрып жатқан 24 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 6 анаға «Алтын алқа» төсбелгісі табысталса, 18 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Бұл – аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы ерен еңбегінің айқын көрінісі.
Шара барысында марапат иелері де сөз алып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен қамқорлықтарға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар аудан көлемінде жүзеге асып жатқан игі бастамаларға оң бағаларын беріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарға табыс тіледі.
Бүгінде Шиелі ауданында батыр аналардың қатары жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша 2585 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 1037 ана «Алтын алқа» иегері болса, 1548 ана «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындары арасында отбасы құндылықтарының жоғары екенін және көпбалалы отбасыларға деген қолдаудың тұрақты жалғасып келе жатқанын аңғартады.
Мұндай тағылымды шаралар аналарды құрметтеумен қатар, жас ұрпаққа отбасы құндылығы мен ананың қадір-қасиетін насихаттауда маңызды рөл атқарады.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.









