Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызы бар нысан бүгінде қала тұрғындарын сапалы әрі тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етудің жаңа кезеңін бастап отыр.
Аралау барысында ардагерлерге қаланың бұрынғы жылу электр орталығының 1964 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келгені және оның инженерлік инфрақұрылымының 90 пайызға дейін тозғаны жөнінде мәлімет берілді. Осы өзекті мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының нәтижесінде және бұған дейін өңірді басқарған, қазіргі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың үйлестіруімен түбегейлі шешімін тапты.
Өңір үшін тарихи маңызы зор жобаны халықаралық деңгейде танымал түркиялық «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асырды. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 215 миллиард теңгені құрап, бұл Қызылорда облысындағы энергетика саласына тартылған ең ірі инвестициялардың бірі саналады. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа жылу электр орталығы өндірістік тиімділікті арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Жаңа буындағы цифрлық басқару жүйелерімен жабдықталған станция барлық өндірістік процестерді автоматты режимде бақылауға мүмкіндік береді. Басқару орталығында нақты уақыт режимінде жабдықтардың жұмысы, энергия өндіру көлемі, температуралық режимдер мен техникалық көрсеткіштер үздіксіз мониторингтен өткізіліп, талдау жасалады. Бұл цифрлық шешімдер өндірістің сенімділігін арттырып, ықтимал ақаулардың алдын алуға, сондай-ақ энергия ресурстарын барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Станцияның басты артықшылықтарының бірі – табиғи газды тиімді пайдалану. Заманауи қондырғылардың арқасында отын шығыны бұрынғы жүйемен салыстырғанда екі есеге дейін үнемделеді. Сонымен қатар инновациялық технологиялар өндірістік қуатты небәрі 20 минуттың ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жедел өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл электр желілеріндегі жүктеменің өзгеруіне жылдам бейімделіп, тұтынушыларды үздіксіз энергиямен қамтуға ықпал етеді.
Жоба аясында тұрғын үйлерге берілетін желілік судың температурасы да айтарлықтай арттырылды. Бұрынғы жылу орталығында бұл көрсеткіш 95 градус болса, жаңа станцияда 130 градусқа дейін жеткізілген. Соның нәтижесінде жылыту маусымында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейді.
Энергетикалық нысанның тағы бір маңызды ерекшелігі – автономды жұмыс істеу қабілеті. Кез келген сыртқы төтенше жағдай немесе электр желілеріндегі ақаулар кезінде станция тәуелсіз режимге ауысып, қаланы жарық пен жылусыз қалдырмауға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды шешімдердің бірі болып саналады.
Қазіргі таңда жаңа және қолданыстағы жылу орталықтары алдағы жылыту маусымына толық дайын. Мамандар барлық инженерлік жүйелерді кезең-кезеңімен тексеріп, қажетті сынақ жұмыстарын аяқтаған. Цифрлық мониторинг жүйелерінің енгізілуі жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нысанмен танысқан қала ардагерлері жаңа жылу электр орталығының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті. Олар халықтың жайлы өмір сүруіне, энергиямен тұрақты қамтамасыз етілуіне және заманауи цифрлық технологиялардың өндіріске енгізілуіне оң бағасын беріп, атқарылған ауқымды жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Жаңа жылу электр орталығы – бұл тек энергетикалық нысан ғана емес, цифрлық басқару жүйелері мен заманауи технологияларды тиімді ұштастырған, өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық инвестициялық жоба.









