Байқауды Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Байқаудың екінші кезеңіне облыстағы 62 білім беру ұйымының командалары қатысып, жалпы 1173 қатысушыны қамтыды. Байқауға жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қатысып, салауатты және белсенді өмір салтын насихаттауға, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқыққа қайшы әрекеттерге тартылудың алдын алуға бағытталған командалық флешмобтарын ұсынды.
Қатысушылар музыкалық сүйемелдеуді, тақырыптық плакаттарды, әлеуметтік ұрандарды, есірткіге қарсы ұрандар мен басқа да шығармашылық элементтерді пайдалана отырып, өздерінің қойылымдарын көрсетті. Флешмобтарда саналы таңдау, есірткіден бас тарту, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау және салауатты әрі қауіпсіз болашаққа ұмтылу идеялары көрініс тапты.
Байқау барысында қойылымдардың тақырыпқа сәйкестігіне, ерекшелігі мен шығармашылығына, сапасына, командалық үйлесімділігіне, әлеуметтік маңыздылығы мен позитивті мазмұнына, сондай-ақ тақырыптық атрибутика мен есірткіге қарсы ұрандардың қолданылуына ерекше назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары: Қызылорда қаласының №278 мектеп-лицейі, №296, №10 және №295 орта мектептері; Қазалы ауданының №103 және №276 орта мектептері; Қармақшы ауданының №298 орта мектебі.
Мұндай іс-шаралар жастардың есірткі заттарын қолдану мен олардың заңсыз айналымының теріс салдары туралы хабардарлығын арттыруға, есірткі қылмыстарына тартылудың алдын алуға, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті мінез-құлықты қалыптастыруға, сондай-ақ денсаулық, спорт, шығармашылық және қауіпсіз болашақ құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.
Байқаудың басты мақсаты – жастардың есірткісіз өмірді, саналы және қауіпсіз болашақты таңдауы!









