Биыл ауданда әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 50 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жаңа баспаналар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аумағында бой көтеріп, құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аталған нысандарға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы тұрғын үйлердің қазіргі жағдайын көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесіп, нысандардың белгіленген мерзімде аяқталуы жөнінде пікір алмасты.
Қазіргі таңда тұрғын үйлерде бірнеше бағыт бойынша құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, ғимараттардың шатырын жабу, ішкі әрлеу, сырлау және басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Нысандардың дайындық деңгейін бағалаған аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Алмасбек Есмаханов құрылыс нысандарында қолданылатын материалдардың сапасы мен орындалатын жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігі маңызды екенін айтты. Әлеуметтік осал топтарға берілетін баспаналардың тұрғындарға жайлы әрі талапқа сай болуы қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ аудан басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге нысандарды белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Баспанаға мұқтаж азаматтардың жаңа үйлерге тезірек қоныстануы үшін құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін ескертті.
Ал жауапты сала басшыларына тұрғын үйлерді пайдалануға қабылдау кезінде барлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғындар тарапынан сапаға қатысты шағым болмауы керектігін атап өтті.
Аудан басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысының сапасы мен уақытылы аяқталуы – басты назардағы мәселелердің бірі. Сондықтан құрылыс барысы алдағы уақытта да бақылауда болады.
Жоспарға сәйкес, салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазалы ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында бұған дейін де бірқатар жұмыстар атқарылған. Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2 пәтерлі 40 тұрғын үй сатып алынып, нәтижесінде 80 отбасы жаңа баспаналы болған.
Осылайша, ауданда тұрғын үй мәселесін шешу, оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.









